Көкшетау қаласының тарихы музейі

Ыдыста да ырыс бар...

онлайн көрме

Learn More

Қазақ мақалында «Шешесін көріп – қызын ал, ыдысын көріп – асын іш» деген философиялық-әлеуметтік ой бар. Яғни, ата-бабаларымыз ұлт тіршілігінде ас сақталатын ыдыс-аяққа да үлкен мән берген. Көбінесе ыдыс ағаштан (емен, қайың), жануарлар терісінен (жылқы, ешкі), металдан (мыс, жез) жасалған.

Бүгін біз өскелең ұрпақты осындай ұмыт болған ыдыстармен таныстыруды жөн көрдік. Қарапайым шәйнекті электр түрімен, ал күбіні сепаратормен ауыстырып жатқан дәуірде мұны білу маңызды. Өзіңіз біліңіз, өзгеге айтыңыз...

Музей қорындағы сыры кетсе де сыны кетпеген ұлттық нақыштағы тұрмыстық бірегей бұйымдар - халқымыздың өткен ғасырлардағы тыныс-тіршілігінен сыр шертер баға жетпес жәдігерлер болып табылады.


Астау

Астауға тек ет салып қана қоймай басқа да майлы дәмді астарды тартуға болады. Астауды жасаудағы әдіс тәсілдерді меңгеру үшін ең алдымен қолөнершінің шеберлігі мен арнайы көркемдік дайындығы болса, бұйым жасауға арналған қажетті жағдайларын ұйымдастыруы қажет. Ағаш таңдауда ағаштың жапырақ тұқымдас түрлерін қолданған дұрыс. Мысалы, қайың, терек, үйеңкі т.б. Себебі бұл ағаштар кесуге жұмсақ келеді. Астауды көркемдеуде ұлттық өрнектердің кез келгенін қолдануға келмейді. Негізі бабаларымыз ыдыс аяқтарды өсімдік тектес өрнектермен өрнектеген. Бірақ ағаш бұйымдарын көркемдеуде жануар текті ұлттық ою-өрнектерді де қолдану өте ұтымды, әсерлі нәтиже береді.

Бастабақ

Табақ (бастабақ) – ет, сыйлы қонаққа қойдың басын тартатын кәделі, жиекті ыдыс. Ол тұтас ағаштан ойып жасалған, пішіні дөңгелек, түбі тегіс, шұңғылдау, жалпақ ернеулі. Қонақжай халқымыздың мейманға ет асып, табақ тартқанда малдың басын ұсынудың да өзіндік жолы бар. Басты табаққа салып, оны ең сыйлы қонаққа (әдетте қарияға) береді. Қария бата-тілегін айтып, алдымен оң езуінен кесіп өзі ауыз тиеді. Одан соң оң құлағын кесіп, үйдің ең кіші баласына не жасы кіші адамға ұсынады. Айнала отырған адамдарға бастан бір-бір жапырақтан кесіп ауыз тигізеді де, қалғанын үй иесіне қайтарады.

Көнек

Көнек - түйенің терісінен, ағаштан жасалады. Әдетте, көнектің үстіне геометриялық, зооморфтық ою-өрнектер, мүйіз, өсімдік тәріздес, т.б. ірі ою-өрнектер түсіріледі. Көнек жеңіл, әрі металл ыдыстар сияқты даңғырлап дыбыс шығармайды. Сол себепті, көнекке сауғанда мал мазасызданбай жақсы иіп, сүтті мол береді. Қазақта «Көнектен шошыған бие оңбас, көптен бөлінген үй оңбас» деген сөз бар.

Күбі

Күбі – саумалдан қымыз дайындауға арналған ағаштан жасалған ыдыс түрі. Күбі негізінен дөңгелек пішінді, іші қуыс, биік, пісуге және ішін тазалап ыстап отыруға ыңғайлы болып келеді. Көбінесе оның түп жағы кең, аузына қарай қиғаштай сүйірленіп бітеді. Күбінің ағаш қақпағы және пішіні әртүрлі болып келетін піспегі қатар жүреді. Бетіне жабылатын дөңгелек қақпағының ортасында піспектің сабы шығып тұратындай ойығы болады.

Күбі

Күбіге қатысты наным-сенім, ырымдар мен тыйымдар:

·Күбі, әлбетте, киіз үйдің немесе қосалқы үйдің сол (қазан) жақ босағасынан орын алады;

·Ескірген күбіні отқа жағу, далаға лақтырып тастау жаман ырымға саналады;

·Шаңырақтың ырыздығы мен берекесінің символы ретінде оны қастерлеп таза орынға сақтап қояды.

Шара

Шара — қымыз құюға арналған ыдыс. Кей жерлерде тегене деп те атайды. Шараны емен, қайың сияқты қатты, кепкен ағаштардан ойып жасайды. Оның іші шұңғыл, өзі дөңгелек, жиегі тік болып келеді, шара сыртынан ою-өрнектермен, күміс немесе сүйек әшекейлермен көркем безендіріледі. Өзіне лайық ағаш қақпағы болады, ол да әшекейленіп жасалады. Сары қымыз, әсем шара ыдысты дастарқанның сәні, үйдің көркі, қолы берекелі әйелдің мәртебесі десе де болады.

Ожау

Ожау — қымыз, айран, сүт, сусын құюға қолданылатын ыдыс. Шұңғыл бөліктен және қолға ұстауға ыңғайлы саптан тұрады. Ожау ағаштан, металдан жасалады. Ағаштан жасалған түрлері б.з.б. 2 ғасырымыздан бастап қолданыла бастаған. Археологиялық деректерге қарағанда, ожаудың ағаштан жасалған түрлерін Орталық Азия халықтары ерте темір дәуірінде-ақ қолдана бастаған. Металл ожау 16 – 19 ғасырларда кең тарады. Дәстүрлі қазақ қоғамында дастарханның шырайын келтіретін мүлік ретінде ерекше бағаланған. Оны шеберлер әр түрлі ағаштардан (тораңғы, емен, т.б.) ойып, сабын ою-өрнектермен безендіре отырып жасаған. Кейде ауқатты қазақтар ожауды сәндік бұйым есебінде алтынмен, күміспен қаптатып, сабына асыл тастар орнаттырған.

Тостаған

Тостаған — ағаштан жасалған шағын дөңгелек ыдыс. «Олар қымызды әдемі сырлы ағаш тостағандарға құйып ішті» (Б. Балабеков, Ән.).

Көне дәуір адамдары бұл сияқты ыдысты кез келген ағаштан ойып жасауға еңбек құралдары тапшы болғаны тарихтан белгілі. Дегенмен, алғаш ағашты кесіп, одан ойып ыдыс жасамаса да бір лажын тапқан болу керек. Ол лаж — ағаш қабығы. Онда да кез келген ағаш емес, қайыңның қабығы. Егер бұны ерте кездегі дәстүрмен түсіндірсек, «тоздан жасалған ыдыс» болмақ.

Қазан

Қазан — тамақ пісіруге арналған шойыннан, қоладан, мыстан құйылып жасалған ыдыс. Қазанның басқа ыдыстарға қарағанда қазақ өмірі мен мәдениетінде алатын орны ерекше. Өйткені ол күнделікті тіршілік құралы. Қазанның сыйымдылығы әр түрлі. Он екі қарыс тай қазаннан бастап, екі литр ғана су сиятын шағын қазан болады. Дәстүрлі қазақ қоғамында қазан қасиетті, киелі саналады. “Қазан мықты болса, ел де мықты. Қазан – шаңырақ сияқты, бүтіндіктің белгісі. Ол құрыса, ел де құриды” (Әлкей Марғұлан “Құламерген” жыры).

Құрастырған

Амиржанова А.К

ғылыми қызметкер

Редактор

Нургалиева К.М.

көпшілік іс-шаралар бөлімінің меңгерушісі

Фото

Музей қорынан

Delo Delux

2023